Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбылская область

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын...»

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын...»

Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі, халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейхановтың еліміздің өткен тарихындағы атқарған ерлік ісі, қалдырған мұралары – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Халқының жарқын болашағы, елінің азаттығы жолында аянбай қызмет еткен Әлиханның тарихтағы алар орны ерекше. Қазақ тарихындағы ұлт басына төнген нәубет, зобалаң жылдарда жеке мүддеден ұлт мүддесін артық қойып, елінің тәуелсіздігі жолына өмірін арнаған Алаш арысының тарихи ерлігі мәңгі ұмытылмайды. 

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1870 жылы бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында) дүниеге келген. Ұлт көсемі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымынан. Әкесі Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға бергенімен, зерделі бала молдадан гөрі мектепте білім алуды жөн көріп, үш кластық мектепке өз еркімен ауысады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Он алты жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Оны да жақсы бітіріп, жиырма жасында Дала генерал-губернаторы кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Сабағымен қатар, саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына араласып, студенттік толқуларға қатысады.
Қараңғылықтан көзі ашылмаған халқына білім мен мәдениеттің қажеттілігін елі мен жері үшін қабырғасы қайысқан, кеудесінде сәулесі бар азамат жастайынан ұққан. Екі қолын бос қоймай, оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. «Народная свобода» партиясының қатарына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Ол өзін осы шақтан бастап саяси тұлға ретінде қалыптастырады. Ұлт көсемінің алғашқы баспалдағы осылай басталады.
Баспасөз беттерінде өзін «қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл.
Осыған байланысты аудандық орталық кітапханада «Әлихан Бөкейхан – ұлт көсемі» атты тарихи кеш Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия шәкірт­терінің қатысуымен өтті.
Кешті қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Құралай Асхатаева ашып, тарихи тұлғаның өмірдерегінен кеңінен ақпарат берді.
Жастарға Алаш көшбасшысының қоғамдық-саяси әрекеттері, шығармалары, мұралары, Қазақ автономиясының құрылуы жайлы насихаттап, дәйекті деректер келтірді.
Қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ақдана Құрымбаева «Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханов» атты ашық қарауда Алаш ардақтысының шығармаларына жан-жақты тоқталып, библиографиялық шолу жасады. 
Әсерлі кештің соңында «Ұлттың ұлы тұлғасы» атты слайд көпшілік назарына ұсынылды.

Другие новости