Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбылская область

ҚАРАТАУ АУЫЛЫ: УӘДЕ ОРЫНДАЛДЫ

ҚАРАТАУ АУЫЛЫ: УӘДЕ ОРЫНДАЛДЫ

Өткен жылы Қырғызстанмен шекаралас жатқан Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қаратау ауы­лында таза ауызсу да, «көгілдір отын» жүйесі де, тіпті, отандық байланыс операторы да болмаған еді. 
Аудан орталығынан жырақта тұратын тұрғындар ел ертеңіне алаңдайтын атқамінерлерді іздеп жүргендеріне де біршама уақыт өткен. 
Әйтсе де 2019 жылдың соңына таман ауданға әкім болып тағайындалған Сәкен Арубаев былтырғы халық алдындағы есеп беру кездесуінде осы жоғарыдағы мәселелердің түйінін тарқатуға күш салатынын жеткізіп, жұртшылықтың көкейіне сенім ұялатып, қарашаны бір қуантқан еді.
Енді сөзден іске көшіп, байламын тапқан бастамаларды жік-жігімен тарқату үшін ауылға ат басын бұрып, журналистік зерттеу жүргізген едік.


АУЫЛ ТАЗА АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛҒАН

Қаратау ауылында осы күнге дейін ескі жерасты құбырларынан ақау шығып, су бірде берілсе, енді бірде тиылып қалың нөпірді әбден әбігерге салған. Одан қалса соңғы кездері тіршілік нәрінің құрамы да өзгере бастаған. Жалпы аудандағы 42 елді мекеннің 19-ы таза ауызсумен қамтамасыз етілсе, үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Шоқай ауылдарына ауызсу жүйелерінің құрылысы басталып, кейбірі аяқталған. Бүгінде Жасөркен мен Қызылқайнар ауылы халық тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламаның шарапатын көріп отыр. Ал Қаратау ауылына өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры толығымен тартылды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық аулаға су тетіктерін жүргізіп берген. Жаңа жыл қарсаңындағы игілікке Сәкен Қаланұлы арнайы барып, көпшіліктің қуанышына ортақтасса керек. Енді әр тұрғын көше бойындағы ауызсу желісіне қосылуға белсенділік танытуы қажет екен. Бұл туралы Айшабибі ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әзімхан Жарлығапов тілге тиек етті.

БАЙЛАНЫС ҚАЗІР ҚОЛЖЕТІМДІ
Мұнда бұдан бөлек бауын тапса, байламын таппай жүрген тағы бір мәселе бар. Ол – ұялы байланыс операторының тапшылығы. Айшабибі ауылдық округінен 15 шақырымда орналасқан мекенде 850 тұрғын бар. Аядай ауылдың тұрғындары талай жылдан бері көрші қырғыз ағайындардың желісіне қосылып, туыс-туғаннан хабар алып отырды. Бұл тұрғындар үшін тиімсіз дүние екені айтпасақ та түсінікті. Мысалға, байланыс құралындағы 1000 бірлік аман-саулықты сұрасу үшін ғана жеткілікті. Қазіргідей қарыштап дамып жатқан заманда отандық байланыс неліктен қолжетімсіз деген сауал сіз бен бізді де мазалап отырғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2020 жылы Жамбыл облысы бойынша 46 елді мекен қамтылу керек болатын. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 40 ауыл байланысқа қосылып үлгерді. Соның ішінде Қаратау ауылы да бар. Қазіргі таңда «Кселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын тұрғындар көріп отыр. Қуантарлығы, қаратаулықтар байланысып қана қоймай, ғаламтор желісін де пайдаланып отырған жайы бар. 

КӨМІРДІ ҚАЖЕТ ЕТПЕЙМІЗ, – дейді ардагер Нұрғали Манапов

Жамбыл ауданында 26 ауылға газ жүргізілсе, қазіргі таңда 13 ауылға «көгілдір отын» тартылуда. Оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп отыр. Игіліктер сәтті аяқталса газбен қамтылу көрсеткіші өңірде 90 пайызды құрайтын болады. 2021 жылы ауданға қосымша республикалық және облыстық бюджеттен 507 млн теңге қаралып отыр. Биыл Жұма станциясы мен Көлқайнар ауылының кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысына 84,3 млн теңге бөлінсе, Ерназар, Шайдана және Өрнек ауылдарына кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысын жүргізу үшін 655,3 млн теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылмақ.  Ал, Қаратау ауылының маңына газ құбыры табан тіресе, бүгінде тұрғындар белсенділік танытып, газ жүйесіне жаппай қосылуда. 
Біз мекендегі өзгеріске көз жеткізу үшін ауыл тұрғыны Нұрғали Манаповқа қоңырау шалған едік.
– Көмірді қажет етпейміз, – дейді қария. – Шыны керек, әжелеріміз де, келіндеріміз де, өзіміз де көмір жағып, ағаш жарудың машақатын жақсы білеміз. Бүгін алғашқылардың бірі болып табиғи газға қосылып отырмыз. Үйімізге табиғи отынмен бірге мереке қоса кіргенін несін жасырайын. Айтпай кетпеуге болмас, былтыр ауылда бірқатар тірлік тиянақталды. Мемлекетіміз халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін түрлі жобаларды ұсынып, бағдарламаларды жүзеге асырып жатқанына жыл ішінде көзім жетті. Енді құрылыс жұмыстары салдарынан зардап шеккен көшелерге асфальт төселсе деген тілегім бар, – деп сөзін түйіндеген еді.
Біз ауылдағы игіліктер туралы халықтан да, жергілікті билік өкілдерінен де жауап алған соң Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевты сөзге тартқан едік.
– Қаратау ауылындағы мәселелерді алғаш жұмысқа кіріскенімде егжей-тегжейлі зерттеп, анықтағанмын. Расында жыл ішінде ауылға ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында осы ауылға қомақты қаражат аудардық. Қазіргі таңда тек ауданымызда ғана емес, елімізде ауыл-аймақтың тұрмысын жақсарту күн тәртібінде тұр. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауданымызға 5.5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына басымдық берілді. Алдағы уақытта халық қажетін өтеу жолында көптеген мақсатты жобаларды жүзеге асыратын боламыз, – деді. 
Біз осы тұста әлгі қарияның жол жабындысы төселсе деген тілегін аудан басшысына жеткізгенбіз.
– Қазір ауыл тұрғындары ауызсу мен газ жүйесі құбырларын үй іргесіне толықтай жүргізген жоқ. Оның үстіне құрылыс жұмыстары кезінде қазылған шұңқырлардың отыруы үшін де уақыт керек. Ертең еңбегіміз зая кетпеу үшін шамалы күткеніміз дұрыс. Бұл ауылдың көшелерін жөндеуге және жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, – деді Сәкен Қаланұлы.
Расында халық қажетін өтеу жолында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес десек, сөзімізді Қаратау ауылындағы жыл ішіндегі өзгерістер дәлелдей түссе керек.

Другие новости