Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбылская область

Ардагермен жылы жүздесу

Ардагермен жылы жүздесу

Биыл – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарыл­ғанына 32 жыл. Қаншама шаңыраққа қасірет әкелген сұм соғыстың оты басылғанымен, оның салған зардабы ауыр. Себебі жүздеген жас жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. 

«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті», – дейді дана қазақ халқымыз. Мемлекет бұйрығын орындап, Отан алдындағы боры­шын ерлікпен өтеген Ауған соғысы құрбандары мен арда­герлерін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті әрі парызы.
Жақында қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ардагерлерге арнап аудандық Мәдениет үйі мен Бектөбе ауылдық кітапханасының қызметкерлері бірлесіп, «Ауған қасіреті» атты қонақжай кешін ұйымдастырды.
Қаратөбе ауылдық округінің кітапханашысы Гүлбағира Сүлейменова жүргізген шараға Ауған соғысының ардагері Тілеуберген Тұрлыбеков арнайы шақырылды. Қанды майданда шайқасқа түсіп, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жауынгер өткен күндерден сыр шертті.
– Бұл күндерді еске алу ауыр. Талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреуі асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. Ешкімге оңай соқпады. Қыршын кеткен боздақтардың ерлігі – нағыз қаһармандық, – деген ардагер біраз жайдан хабардар етті.
Елбасы бір сөзінде: «Өлгендерді тірілту ешкімнің қолынан келмейді, ал оларды есте қалдыру – біздің қасиетті борышымыз», – деген болатын. Ауған соғысы ардагерлерінің егемен еліміздің нығаюына, кемелденіп-өркендеуіне қосқан үлесі шексіз екенін баян еткен кеш жүргізушісі Ауғанстан жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.
Сұрақ-жауап сағатында оқырмандар Ауғанстан жеріндегі қиын жағдайлар бойынша көкейдегі сұрақтарына толымды жауаптар алды. Ал, елге аман-есен оралған жерлесіміз, соғыс ардагері Тілеуберген аға оларға жауап ретінде «Жауынгер-интернационалист», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 30 жыл» медальдарының өтеуін түсіндіріп өтті.
Кеш соңында Қаратөбе ауылдық округінің спорт әдіскері Әсел Егізбаеваның ұйымдастыруымен спорттық ойындар ойнатылып, әндер айтылды. Мәдени ұйымдастырушы Ақбота Абдраимова ардагерге естелік сыйлығын тарту етті.  

Другие новости