Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

Ақынның бағы – мәңгі өлмес поэзиясы

Ақынның бағы – мәңгі өлмес поэзиясы

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жыры – ұрпақ бойына тазалықтың, адамгершіліктің асыл нәрін егетін құнды мұра. Биылғы мерейтой аясында рухани мәні терең шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның бірі – Шоқай ауылындағы №3 орта мектепте ақынның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған әдеби сазды кеш.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жыры – ұрпақ бойына тазалықтың, адамгершіліктің асыл нәрін егетін құнды мұра. Биылғы мерейтой аясында рухани мәні терең шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның бірі – Шоқай ауылындағы №3 орта мектепте ақынның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған әдеби сазды кеш.
Мұқағали өмірде бағы мен соры қатар жүрген ақиық ақын. Оның бағы дегеніміз – мәңгі өлмес поэзиясы, өрлеу мен ойлаудың теңдессіз, әлемдік классиканың биіктігі. Ал, соры дегеніміз – ақынның өтірік өлең жаза алмауы. Себебі, қанына өлең сіңген адамның рухы биік, жаны таза болатыны ақиқат. Тек оны жүрекпен сезіп, жаныңмен қабылдау қажет. Әдеби кештің мақсаты да осындай негізде құрылды. Сөз әлемінің тереңіне бойлап, әдебиетке құштарлықты арттыруға бағытталды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Надира Құлымбетова мен мектеп тәлімгері Ұлжан Монтаева ұйымдастырған кешке 5-11-сынып оқушылары қатысып, қонаққа кітапханашы Гүлжан Алдиярова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зағипа Тұрғанбаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Дүйсенова шақырылды.
Өлеңді жанына серік еткен өнерлі өрендер Мұқағали атамыздың «Поэзия», «Қара өлең», «Мен таулықпын», «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені алғайсың» әндерін шырқады.
Ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған әдеби кеште мен де өзімнің жүректен шыққан өлеңімді ұсынғанды жөн көрдім.

Тұлғасың халқың үшін орны бөлек,
Елің сені ақиық ақын демек.
Тоқсан жылдық мерейің келіп жетті,
Бар адамды әдемі әнге бөлеп.

Әр өлеңің жазылған жалынменен,
Әр сөзіңнен өмірдің мәнін көрем.
Бойға жылы, көңілге қонымды ойлар,
Жырға құштар жаныма тәлім берер.

Өнеге алып өзіңнен келемін мен,
Қандай ғажап жақсыны көре білген.
Кітабыңды парақтап оқи берем,
Нұр іздеп әрбір жазған өлеңіңнен.

Жүрек сөзі жазылар оты барда,
Жан тербетер көңілге тоқығанда.
Поэзия әлемін шарлап кетем,
Жырларыңды жүрекпен оқығанда.

Алатаудан дәл бүгін таң күліп тұр,
Жауһар жырың санада жаңғырып тұр.
Жарқын бейнең – жүректің жұбанышы,
Сенің жырың – өлеңі мәңгіліктің.

Шоқай ауылы.

басқа жаңалықтар