Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

Ауыл шаруашылығын дамытпасақ болмайды

Ауыл шаруашылығын дамытпасақ болмайды

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасағанда ой түйінін Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен шегелегеніне жалғыз мен емес, жалпақ жұрт куә. Президент Қазақстан қоғамының қыры мен еңісін, ұңғылы мен шұңғылын тамыршыдай тап басып, қай салада болсын мәселені төтесінен қойып отыр. Қордаланған қат-қабат дүниелер жетерлік. Алайда, бәрінің шешілу жолын кәсіби тұрғыда нұсқап, бағыт-бағдар ұсынды.

Жоғарыда Президент өз ойын Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен сабақтап түйіндеді дедік. Бір жақтан мынадай жаһандық індет, бір жақтан экономикалық аһуал қысып келіп бергенде, қандай ұлт, ұлыс болмасын осылай өзінің негізгі бастау-бұлағын іздеп кетеді.  Біз қанша жерден айға ұшып, аспанды кезсек те қайта қонатын мекеніміз – жер және қалай болғанда да аграрлы мемлекетке айналу керектігін күн өткен сайын түсініп келеміз. Оны мына пандемия толығымен дәлелдеп берді. Карантин кезінде ел ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарап қалды. 
Осы жолғы Жолдауында Президент: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жойып, жеріміз шетелдіктерге сатылмайды», – деген еді. 
Ол меже де орындалды. Қазақ қоғамындағы көкейкесті дүниелердің бірі – осы. Бұған артық ауыз сөз қосудың өзі артық. Әрі қарай ауыл шаруашылығын заманауи үйлестіріп, кетігін табу – мамандардың ісі.

басқа жаңалықтар